Әлеуметтік желілерде соңғы күндері көліктің артқы әйнегіне жапсырылатын "Ш" белгісі қызу пікірталас тудырып жатыр. Ғаламторда бірінші желтоқсаннан бастап әр қабырғасы 20 см болатын үшбұрыш белгісі қойылмаған көліктерге айыппұл салынады деген ақпарат тарап кеткен. Жүргізушілер байбаламға салынды. Нұрбол Байділдаев жаңашылдыққа қарсылардың бірі. Айтуынша, белгі көлемінің үлкейгенінің еш мәні жоқ. Өзінің көлігінде бұрынғы шағын "Ш" белгісі тұр. Оны алмастырмаймын дейді. Ал, Жансұлтан Төлеу дөңгелектердің шегеленгенін дәлелдейтін белгіні көлігіне өткен аптада жапсырған. Іштей қарсы болғанымен, заңға бағыну керек. Белгінің жаңарғанынан пайда тауып отырғандар бар. Кәсіпкер Әлібек Оспанов жарнама агенттіктерінің бірінен өткен аптада 80 дана "Ш" белгісін жасатып алған. 300 теңгеден сатып жатыр. Соңғы күндері белгіге сұраныс артты дейді. Санаулы күндердің ішінде 80 белгіден үшеуі қалған. Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Еркін Өтегенов "Ш" белгісінің көлеміне қатысты ереже екі жыл бұрын қабылданғанын айтады. Бұған неге қазір ғана назар аударылып жатқаны белгісіз. Көлігінде "Ш" белгісі жоқ жүргізушілерге бірінші рет ескерту жасалады. Заң бұзушылық қайталанса, айыппұл салынады. Бірақ, оған 1-желтоқсанның қатысы жоқ, деп түсіндірді ІІД өкілі.