Шалқар ауданы, Жаңақоныс ауылының бұрынғы әкімі Ерсайын Данабек сот жағалап жүр. Шалқар ауданы, Жаңақоныс ауылындағы балабақшаны жөндеу жұмысына аудандық бюджеттен 1млн.55 мың теңге қаржы бөлінді. Оған мектепке дейінгі ұйымның есік-терезесі, едені ауыстырылып, жиһазы жаңартылды. Мемлекет қаржысының жұмсалуын тексерген аудандық прокуратура әкімді негізсіз қаржы жұмсады деп айыптаған. Тексеру барысында мердігер мекемеге әкім 29 083 теңге артық төлепті. Бірақ, Ерсайын Данабек прокурордың бұл айыбын жала деп отыр. Өйткені, бұл сомаға дәретхана жабдықтары алынған. Кәріз құбырларын жүргізу жұмыстары аяқталмағасын, ол қондырылмапты. Небары 1350 теңге артық төленді дейді ол. Шалқар ауданы, Жаңақоныс ауылының экс-әкімі Ерсайын Данабектің ісі маусым айында тәртіптік кеңесте қаралды. Тәртіптік кеңес 29 083 теңгені негізсіз жұмсады деп айыпталған Данабекке шара қолдануды Шалқар ауданының әкіміне тапсырған. Шалқар ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Елемес Шотанов 29-маусым күні ауыл әкімін қызметінен босатып жіберген. Ерсайын Данабек-бұрынғы мектеп директоры. Білім беру ісінің құрметті қызметкері. Ауған соғысының ардагері. География пәнінің мұғалімінен ауыл әкіміне дейін көтерілген азаматтың абыройын осылайша 1350 теңге шайып жіберген. 2008-ші жылдан осы жылдың маусым айына дейін Жаңақоныс ауылдық округін басқарған азамат қазір сот жағалап жүр. Өзін ақтап шығу үшін жоғарғы сотқа да баруға дайын.