Елорда тұрғыны полицияға арызбен жүгінген. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз біреулер телефонға қоңырау шалып, қызының полицияда екендігін және мәселені шешу үшін шұғыл түрде ақша жіберу керек екенін хабарлап, одан 16 млн теңге көлемінде ақшаны алдап алған. 69 жастағы әйелдің түсіндіргені бойынша, түн ортасында үй телефонына әйел адам қоңырау шалып, жылаған дауыспен: "Анашым, мен апатқа ұшырадым, қазір проблемаларымды шешу үшін полицияда жүрмін, маған ақша керек", - деген. Содан кейін телефонды ер адам алып, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, зейнеткерге қазір әріптесі келіп, қолма-қол ақшаны алып кететіндігін айтқан. Мәселені шешу үшін қанша ақша керек деген сұраққа, олар қанша бар соны беріңіз деп жауап берген.